Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін ақылы негізде арасына 10 күн салып шексіз емтихан тапсыра алады
Үкімет жаңа ережелерді бекітті
Енді жүргізуші куәлігін алғысы келген қазақстандықтар бұрынғыдай тегін түрде үш рет қана емес, ақылы негізде, арасына 10 күн сала отырып, шексіз емтихан тапсыра алады. Үкімет жаңа ережелерді бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, премьер-министрдіңорынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Осы кеңес барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесе жасалған, жүргізуші куәлігін алу үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, азаматтар үшін қолайлылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жүргізушілерді даярлау сапасын күшейтуге бағытталған нақты шаралар қаралып, бекіген.
«Біріншіден, күшіне енетін жаңашылдықтарға сәйкес азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, емтихандар арасында кеміне 10 күнтізбелік күн сала отырып, шектеусіз тапсыра алады», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, қазір азаматтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін, бұл жекелеген жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін жағдайлар туғызатын. Жаңа норма рәсімді анағұрлым қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.