Бүгін, 17:45
Қоғам

Кәсіпкер Астанадағы көпбалалы отбасылардың терезелеріне тегін блокиратор орнатып берген (ВИДЕО)

Аты-жөнін атамаған азамат бұны азаматтық борышы деп санаған

Кәсіпкер Астанадағы көпбалалы отбасылардың терезелеріне тегін блокиратор орнатып берген (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Елордада көпбалалы аналардың пәтерлеріне терезені қорғайтын блокираторлар орнатылды. Бұл бастама балалардың қауіпсіздігін арттырып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тұрғыны, көпбалалы ана бұл көмектің дер кезінде болғанын айтады. Оның сөзінше, балаларды үнемі бақылап отыру оңай емес.

«Мен Астана қаласының тұрғынымын, көпбалалы анамын. Үлкен балам студент, қалғандары мектеп жасында. Бұрын балабақшада жұмыс істегенмін, қазір үйдемін. Қарбалас өмірде кейде балаларға үлгермей қалатын кездер болады. Біресе суды ашып кетеді, біресе терезеден төменге үңіледі. Қорқу дегенді білмейді. Бүгін тереземе қорғаныш орнатып берген жандарға алғысымды білдіремін», – деді ана.

Ал қорғаныш құрылғыларын орнатқан кәсіпкер бұл істі азаматтық жауапкершілік деп санайды.

«Мен екі баланың әкесімін. Балалардың терезеден құлап кеткені туралы жаңалықтарды естігенде бейжай қала алмаймын. Сондықтан осындай қорғаныштарды орнату арқылы көмектесуді азаматтық борышым деп білемін. Әсіресе, мұндай мүмкіндігі жоқ отбасыларға қолдау көрсетуге тырысамыз», – дейді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері Астана қаласында 60 бала терезеден құлап кеткен.