«Уақытша үкіметтің қателігі болған»: Бангладеште бір ай ішінде жүзден астам бала қызылшадан көз жұмды
Ел билігі балаларды жаппай егіп жатыр
Бангалдеште қызылша індеті күрт күшейіп, соңғы бір ай ішінде 100-ден астам бала көз жұмды. Бұл туралы халықаралық ұйымдар мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Елде аурудың жаппай таралуына байланысты шұғыл вакцинация науқаны басталды. Наурыз айының ортасынан бері 7500-ден астам баланың қызылша жұқтырғаны анықталған. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр елде бар болғаны 125 баладан ғана осы індет табылған еді.
Ауырғандардың шамамен үштен бірі тоғыз айға толмаған нәрестелер. Ал бұл жас санатындағы балалар жоспарлы екпе алуға әлі жарамсыз.
ЮНИСЕФ мәліметінше, жағдайдың ушығуына 2020 жылдан бері жаппай вакцинацияның жоқтығы себеп болған. Бұл өз кезегінде пандемия мен елдегі саяси тұрақсыздықпен байланысты.
Сондай-ақ, бұрынғы уақытша үкімет вакцина сатып алу кезінде қателік жібергендіктен, қазір ел бойынша екпе жетпей жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, биыл Қазақстанда да қызылша көбейген еді. Мәселен, ақпан айында Қазақстанда екі мыңға жуық баладан қызылша анықталған болатын. Жалпы, бұл жұқпалы ауру көбіне Астана мен Алматы қалаларында, Жамбыл және Алматы облыстарында көп тіркелген болатын.
Аурудың таралуын тоқтату үшін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, вакцина алмаған балаларды балабақша мен мектепке кіргізбеген. Сондай-ақ, жоспарлы түрде ауруханаға жататын балалардан да міндетті түрде екпе талап еткен. Қазір елдегі жағдай тұрақталып келеді.