Бүгін, 12:26
Қоғам

«Мен таңдаған жол»: Қазақстанда мыңдаған оқушының денсаулығына қатысты ашық сабақ өтеді

Оны денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі өткізеді

«Мен таңдаған жол»: Қазақстанда мыңдаған оқушының денсаулығына қатысты ашық сабақ өтеді
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін, 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай оқу-ағарту министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушылары арасында онлайн ашық сабақ өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды.

«Бүгін алғаш рет еліміз бойынша оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп мыңдаған оқушыны қамтитын «Мен таңдаған жол» атты жалпы республикалық ашық сабақты өткіземіз. Балаларға дұрыс тамақтану, дене саулығы, ұйқының маңызы мен гаджетті шектеу және энергетикалық сусындардың зияны туралы әңгіме айтамыз», - деп жазған министр.

Жалпы, Әлназарованың айтуынша, мемлекет балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Әртүрлі аурулардың алдын алу үшін мектептегі тамақтың жаңа стандарттарын енгізген. Бұрынғымен салыстырғанда, мектеп тамағындағы қант 3,6 есеге, ал тұз мөлшері 5 есеге азайған.

«Біз профилактикалық бағытты да күшейтіп келеміз: 21 жасқа дейінгі тұлғаларға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған; тұтынуды азайту үшін акциздік саясат еніп жатыр; Қазақстан ДДҰ-ның семіздікпен күрес жөніндегі жаһандық жоспарына қосылды», - деп жазған министр.