«Жылына 400 рет жол ережесін бұзады»: сенатор Алматыдағы жол апатынан кейін дабыл қақты
Ол жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатындарға қатысты талаптарды күшейту қажет деп санайды
Сенат депутаты Марат Қожаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына баға беріп, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты шараларды күшейту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, құқық қорғау органдары қатарында адал қызмет ететін мамандар көп.
«Ішкі істер органдарында өз антына адал, қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматтар өте көп. Күн сайын әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында олардың адамдарға көмектесіп, төтенше жағдайларда құтқару жұмысын жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан барлығын бірдей кінәлауға болмайды», – деді сенатор.
Сонымен қатар ол құқық қорғау жүйесінің сапасы қоғамның жалпы жағдайымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Біз полицейлерді бөлек ортада тәрбиелемейміз. Олар біздің отбасыларымызда өсіп, мектептерде білім алып, жоғары оқу орындарын тәмамдайды. Кейбірі өз таңдауы бойынша осы салаға келеді. Алайда араларында өз қызметіне сай келмейтіндері де бар», - деді Қожаев.
Жол қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған депутат Алматыдағы жағдайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, жылдамдық шектеулерін өзгерту секілді шаралар толық нәтиже бермеген.
Сенатор бұл мәселені бір жарым жылдан бері көтеріп келе жатқанын, Үкіметке депутаттық сауал жолдағанын жеткізді. Қазіргі уақытта Ішкі істер органдарымен бірлесіп тиісті өзгерістер әзірленіп жатыр.
«Жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатындарға қатысты талаптарды күшейту қажет. Кейбір жүргізушілер жылына 100, 200, тіпті 400-ден астам құқықбұзушылық жасайды. Соған қарамастан, олар жеңілдетілген айыппұлмен шектеліп жүр», – деді ол.
Депутаттың сөзінше, ұсынылып отырған шаралар барлық жүргізушіге емес, тек тәртіпті елемейтіндерге бағытталған.
«Еліміздегі жүргізушілердің шамамен 95 пайызы – заңға бағынатын азаматтар. Ұсыныстар оларға қатысты емес. Бұл – жол ережелерін әдейі бұзатындарға арналған шара», – деп нақтылады сенатор.
Ол сондай-ақ мұндай жүргізушілердің әрекеті өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.
«Автокөлік – жоғары қауіптілік көзі. Мұны түсінбейтіндер бар. Сондықтан жүйелі түрде құқық бұзатындарды арнайы тексерістерден өткізуді қарастыру қажет», – деді Марат Қожаев.
Еске салсақ, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты 3 адамның өмірін қиды. Қоғамдық резонанстан кейін бірқатар полиция басшысы қызметінен кетті.