Зейнетақы шотына түсетін 5 пайыз жарна кімдікі болу керек – Аймағамбетов дау тудырып отырған мәселені қозғады
Депутаттың айтуынша, экономистер бұл соманың кемі 4 пайызы адамның жеке шотында болу керек деп санайды
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің есебінен түсетін 5 пайыздық жарна кімдікі болу керек деген сұраққа жауап берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сарапшылар мен экономистердің пайымына сүйенген депутат бұл жарна жекешеленген болса, әділетті болады деген пайымын айтты.
«Біздің әрқайсымыз жалақымыздың 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатынымыздан бөлек, жұмыс беруші де жалақымыздың 5 пайызына дейінгі мөлшерді өз қалтасынан біздің шотымызға аударатын норма бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп, 5 пайызға дейін жетеді. Сонда бәрін қосқанда, болашақта 15 пайызы түседі. Енді осы 5 пайыз кімдікі деген сұрақ туындайды. Дәл осы жерде дау туады. Сарапшылардың көбі, соның ішінде Ұлттық банктің бұрынғы төрағалары мен экономистер, депутаттар, соның ішінде мен де, осы бес пайызды жекешелендіріп, оны шашпау керек деп санаймыз», - дейді Аймағамбетов.
Яғни, Аймағамбетов өзін де мысалға ала отырып, «егер менің жұмыс берушім мен үшін 5 пайыз жіберсе, ол ақша менің шотымда қалуы керек деп есептейміз» дейді.
«Яғни, БЖЗҚ-ның құзырына емес, өз шотымызға түсуі тиіс. Болмағанда, 4 пайызы сіздің шотыңызға түссін, 1 пайызы БЖЗҚ-ның ортақ шотына кетсін деп отырмыз. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Әзірге нақты шешім жоқ, нұсқалары өте көп», - деді депутат.