Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: бірқатар полиция басшысы жұмыстан кетті

ІІМ тергеумен қатар қызметтік тексерісті күшейтіп, бірқатар басшыларды қызметтен босатты

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: бірқатар полиция басшысы жұмыстан кетті

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына байланысты бірқатар полиция басшылары қызметінен алынып, бірнеше бағыт бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Ержан Саденовтің тапсырмасымен оқиға алғашқы сағаттардан бастап ерекше бақылауға алынған. Қазір тек апаттың өзі ғана емес, оған қатысты қоғамдық кеңістікте айтылып жатқан барлық дерек жан-жақты тексеріліп жатыр.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің мәліметінше, жол апаты салдарынан 3 адам қаза тапқан. Күдікті ретінде танылған Zeekr көлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынған. Сараптама оның апат кезінде жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсеткен.

Оқиғамен қатар, бірнеше бағытта тергеу басталған. Атап айтқанда, мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдік бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, жүргізушіге қатысты әрекетсіздік танытты деген күдікпен полиция департаменті басшылығының бір өкілі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қызметтік тексерудің объективті өтуі үшін Алматыға ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті, әкімшілік полиция комитеті және кадр қызметінің басшылары жіберілген.

Тексеру нәтижелері шықпай тұрып-ақ кадрлық шешімдер қабылданды. Министр бұйрығымен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды.

ІІМ бұл істе жауапкершілік тек тікелей қатысушыларға ғана емес, әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы жағдайдың ушығуына жол берген барлық лауазымды тұлғаларға жүктелетінін мәлімдеді.

Ведомство жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырып, заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылатынын ескертті.

Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30 шамасында Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған. Zeekr 009 көлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes-Benz-пен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Кейін полиция осы аумақта түнгі заңсыз жарыстар ұйымдастырылғанын анықтаған. Кейбір жүргізушілердің жылдамдығы 250 км/сағ-қа дейін жеткені белгілі болды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, бейнебақылау жазбалары зерттелуде. ІІМ бұл істе «ешкім жауапкершіліктен құтылмайды» деген ұстанымда екенін мәлімдеді.