Алтай мен Сарыарқа жыры тоғысты: Өскеменде командалық айтыс жаңа тыныс алды

Шығыс Қазақстан мен Қарағанды ақындары бақ сынаған додада ұлттық өнер кең тыныста көрінді

Алтай мен Сарыарқа жыры тоғысты: Өскеменде командалық айтыс жаңа тыныс алды
Фото:«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Өскеменде «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық командалық айтыс өтіп, сахнада Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының өнерпаздары сөз бен сазды тоғыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған, «AMANAT» партиясы қолдау көрсеткен жыр додасы биыл да ұлттық өнердің өрісін кеңейткен ауқымды мәдени жоба ретінде өтті. Айтыс аясында сүре, түре, қайым айтыс пен қыз бен жігіт айтысы қатар өріліп, дәстүрлі ән, жыр-терме және күй көрерменге ұсынылды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтайдың жүргізуімен өткен кеште айтыс тек сөз сайысы емес, тұтас рухани кеңістіктің көрінісіне айналды. Оның айтуынша, мұндай жобалар жас таланттардың танылуына жол ашып, айтыстың мазмұнын байыта түседі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтыстың ұлттық болмысты айқындайтын өнер екенін атап өтті. Әкімнің мәліметінше, өңірде өткен жылы ашылған Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебі жас өнерпаздардың қалыптасуына серпін беріп отыр, ал айтысты тұрақты түрде өткізу дәстүрге айналған.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев партия ұлттық өнерді қолдауды негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.

Сайыс барысында Шығыс Қазақстан құрамасын Серік Құсанбаев, ал Қарағанды командасын Айтбай Жұмағұлов бастап шықты. Құрамында айтыскерлермен қатар жыршы, күйші, термеші және дәстүрлі әншілер өнер көрсетіп, дода мазмұнын байытты.

Қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық етті. Қорытындысында Шығыс Қазақстан облысының командасы үздік деп танылып, келесі кезеңге жолдама алды.

Жеңімпаздар бұл табысты тек бір ұжымның емес, өңірдің және ұлттық өнерді қолдайтын жұртшылықтың ортақ жетістігі ретінде бағалады.

«Бұл жеңіс – тек біздің команданың ғана емес, тұтас өңірдің, ұлттық өнерге жанашыр жұртшылықтың жеңісі. Командалық айтыс – үлкен жауапкершілік пен бірлікті талап етеді. Біз әр кезеңде ел сенімін ақтауға тырыстық. Осындай жобалар жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндік береді, айтыстың тынысын кеңейтеді», – деді Шығыс Қазақстан облысының командасын бастап шыққан ақын Серік Құсанбаев.