Қазақстанда ауа райы күрт бұзылады: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Қазгидромет елдің басым бөлігінде жел күшейіп, тұман мен көктайғақ болатынын ескертті
Қазақстанның бірқатар өңірінде 27 наурыз күні ауа райы күрт құбылып, дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазгидромет синоптиктерінің болжамына сәйкес, елдің 16 облысында жел күшейіп, кей жерлерде найзағай ойнап, тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні 15-20 м/с-тан 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ұлытау мен Қарағанды облыстарының бірқатар аумағында тұман түсіп, шығыс және солтүстік-шығыс бағыттағы жел күшейеді. Ал Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Өңірдің кей бөліктерінде шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ақтауда түнгі және таңғы уақытта тұман болуы ықтимал.
Түркістан облысының таулы аймақтарында күндіз найзағай ойнап, жел күшейеді. Жамбыл облысында тұман мен шаңды дауыл қатар күтіледі, желдің екпіні кей тұста 23 м/с-қа жетеді. Алматы облысында жел бағыты ауысып, таулы өңірлерде екпіні 18 м/с болады.
Солтүстік және шығыс өңірлерде жағдай күрделірек. Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тұман түсіп, түнде және таңертең жолдарда көктайғақ пайда болады. Бұл көлік қозғалысына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.
Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында да тұман күтіледі. Кей аумақтарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жалпы, синоптиктер алдағы тәулікте ауа райының құбылмалы болатынын ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.