Шымкентте 1 сәуірден бастап жылу маусымы аяқталады
Көктемнің келуімен жылыту кезеңі ресми түрде аяқталады
Шымкент қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл шешім ауа райының жылынуына және көктем мезгілінің тұрақталуына байланысты қабылданған. Соған сәйкес, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға берілетін жылу толық тоқтатылады.
Әкімдік өкілдері жылыту маусымы аяқталғанымен, коммуналдық қызметтердің жұмысы тоқтамайтынын атап өтті. Қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жыл бойы жалғасады. Тұрғындардың өтініштері негізінде жүйелер тексеріліп, қажетті жөндеу және реттеу шаралары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сонымен қатар, сыртқы жылу желілерінде ақау анықталған немесе профилактикалық жұмыстар қажет болған жағдайда, тұрғындарға Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына немесе «Қуатжылуорталық-3» МКК диспетчерлік қызметіне жүгіну ұсынылады.