Зейнетақыны толық бақылауға алу мүмкіндігі: жаңа ереже қаралып жатыр
Салымшылар жинақтарының 100%-ын жеке басқаруға бере алуы мүмкін
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару тәртібін өзгерту мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың мәліметінше, енді салымшыларға зейнетақы жинақтарының 100%-ын жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек 50% көлемінде ғана шектелген еді.
Агенттік өкілінің айтуынша, қаражатты толық көлемде жеке басқаруға беру тиімді әрі орынды шешімдердің бірі ретінде бағаланып отыр. Бұл өзгеріс салымшыларға өз қаржысын басқаруда көбірек еркіндік береді.
Сонымен бірге, жеке басқарушы компанияларға қаражатты аудару міндетті болмайды. Яғни азаматтар өз жинақтарын бұрынғыдай мемлекеттік басқаруда қалдыруға да құқылы.
Зейнетақы активтерін басқару құқығы тек кәсіби және тұрақты инвестициялық басқарушы компанияларға ғана беріледі. Мұндай тәсіл қаржының тиімді игерілуіне және экономиканың дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.