Түркістан дәріханаларына 2 тонна дәрі жеткізілді
Дәрі-дәрмектің 136 түрін алуға 27 млн теңге кеткен

Бүгін Түркістан қаласына пандемия кезіндегі науқастарға аса қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласындағы фармацевтикалық компаниядан 27 млн теңгеге халыққа қажетті 136 түрлі 2 тоннаға жуық дәрі-дәрмек әкелінді. Атап айтқанда, антибиотиктер, антикоагулянттар (қан сұйылтатын) және тыныс алу жолдарына арналған дәрілер бар. Олар облыс орталығындағы дәріханаларға шекті бағамен үлестіріліп, азаматтарға белгіленген бағада сатылымға шығады.
«Дүйсенбі күні Өзбекстаннан дәрі-дәрмекпен тағы да бір жүк көлігі келеді. Одан кейін келесі аптаның соңына қарай Алматыдан тағы келеді. Антибиотиктер тек дәрігерлердің рұқсатымен сатылады. Және парацетомол, аспирин секілді дәрі-дәрмек бір қолға екі құтыдан сатылады», - деді облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов.
Бұдан бөлек, қосымша дәрілер алуға өзге де компанияларға сұраныс берілген. Алдағы уақытта көрші елдерден де препараттар алынып, облыстағы дәріханалардың сөрелері қажетті дәрілермен қамтылмақ.
Айта кету керек, жергілікті ауруханаларда дәрі тапшылығы жоқ. Егер де дәрі жетіспеушілігі болса немесе бағалар негізсіз көтерілсе, Amazing Turkistan электронды қосымшасының «Дәріхана» айдарындағы «Шағымдану» бөлімі арқылы шағымдануға болады.