Алматыдағы Halyk Arena науқастарды қабылдайтын орталыққа айналды
Жақында бұл жер алғашқы пациенттерді қабылдайды

Алматыдағы Halyk Arena науқастарды қабылдайтын орталыққа айналды. Спорт ғимаратында 1 мың орын бар. Оның 60-ы реанимациялық орындар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Санитарлық қауіпсіздіктің ең қатаң талаптары ескерілді. Таза және лас аймақтарға арналған шлюздер мен туннельдер, желдету және зарарсыздандыру жүйелері орнатылды. Кезең-кезеңімен медициналық жабдықтар орнатылады. Дәрігерлік бригадалар дайындалып жатыр. Жақында бұл жер алғашқы пациенттерді қабылдайды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Сағынтаев.
Жақында Жарбосынов атындағы урология ҰО-ы базасында 150 орынға арналған инфекциялық стационар ашылмақ. Бүгінде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы орналасқан ОҚК корпусы мен жұқпалы аурулар ауруханасында да қосымша орындар ашылмақ. Сондай-ақ №4 перзентхананың жаңа ғимараты да қауіпті вирусты жұқтырған науқастарды емдеуге беріледі. Психоневрологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бір айдан кейін бұл жер жұқпалы аурулар стационарына айналады. Бұлардан бөлек қонақ үйлер, санаторийлер мен жатақханаларды да провизорлық орталыққа айналдыру көзделген.
Айта кету керек, Алматыда қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеу үшін 4669 орынға арналған 21 медициналық ұйым жұмыс істеп жатыр.