Нұр-Сұлтанда университет пен колледж түлектері коронавируспен күреске жұмылдырылды

Олар арнайы оқудан өтті

Нұр-Сұлтанда университет пен колледж түлектері коронавируспен күреске жұмылдырылды
Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда Астана медицина университеті мен медициналық колледждің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуді үйреніп, арнайы оқудан өтті. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Олардың барлығы жұмысқа алынып, COVID-19-бен күреске көмектесіп жатыр. Бүгінде тағы 120 түлек оқудан өтуде. Медицина университеті мен колледждің жалпы 500-ден астам түлегі COVID-19-бен күреске жұмылдырылмақ. Оларды емханалар, ауруханалар, стационарлар мен жедел жәрдем станцияларына жібереміз. Бір бөлігі жұмысқа кірісіп те үлгірді», - деп жазды Көлгінов.

Оның айтуынша, COVID-19 науқастарын емдеуге арналған төсек-орындар санын көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 

«Пандемия басталғалы жұқпалы аурулар төсек-орындары саны мыңнан 4 мыңға дейін ұлғайтылды. Осылайша стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін артты. Эпидемиологиялық ахуал күрделенуі мүмкін екені ескеріліп, тағы 1,5 мың орындық резерв дайындалды. Ол үшін арнайы жабдықталған 800 төсек-орын сатып алынады», - деп жазды ол.

Қала әкімінің айтуынша, жақын арада өкпені жасанды желдететін 200 аппарат, 500 флуометр, 500 оттегі концентраторы, екі компьютерлік томограф жеткізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.