«Қайта-қайта көшуге мәжбүр болған»: Алматыда ер адам бұрынғы әйеліне маза бермегені үшін сотталды
Бұл – Алматы қаласында «Сталкинг» бабы бойынша сотталған алғашқы адамдардың бірі
Алматы қаласында «Сталкинг» бабы бойынша айыпталған азамат сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам заң жүзінде ажырасқан әйеліне маза бермеген. Дәлірек айтсақ, оның жүріп-тұрысын бақылап, жекеменшік өміріне қол сұққан, әйел сөйлескісі келмесе де хабарласа берген. Одан қалды жұмысына барып, қоғамдық орындарда шу шығарған.
Полицияның арнайы қаулысына қарамаған ол әйелді үнемі аңдыған соң әйел күйзеліске түсіп, көшіп-қонуға мәжбүр болған.
Полиция оның үстінен іс қозғап, істі сотқа жеткізген. Мәселені жан-жақты қараған сот ер адамды 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартып, әйелдің пайдасына өтемақы өндіріп берген.