Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің мазасы неге қашып, олар неге хат жаза беретінін түсіндірді
Ол облыстық білім басқармалардың басшыларын жинап, кеңес өткізген
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова облыстық білім басқармаларын жинап, аппараттық жиын өткізген. Жиынның күн тәртібінде өңірлердегі оқушылардың білім сапасын арттыру және инклюзивті білім беру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, министр өңірлер арасындағы білім алшақтығына мән беріп, кейде білім сапасынан гөрі, қағаздағы есеп маңызды болып кететінін айтқан. Сондай-ақ министр білім сапасы бойынша артта келе жатқан облыстарды сынаған.
«Өкінішке қарай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет. Сол себепті, өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіруден ғана нәтиже болады», – деген Жұлдыз Сүлейменова.
Мектептептегі сапаға тікелей әсер ететін индикаторлардың бірі сала менеджерлерінің, білікті кадрлардың тапшылығы.
«Мектеп директорларының басқарушылық дағдыларының төмендігі білім жүйесінің сапасына тікелей әсер етеді. Оған қоса мектеп ішіндегі корпоративті мәдениеттің төмендеуіне әкеліп соғады, мұндай мектептерде мұғалімдердің мазасы қашып, орталыққа хат жазуы жиілеп кеткен», - деп хабарлайды министрліктің ресми сайты.