Ауыл халқы тезек теріп жүр, ал «Qazaqgaz»-дың он мың адамы кофе ішіп жүр – Саиров
Депутат солардың бәрін жұмыстан босатып, осынша қызметкерді ұстауға кететін ақшаға газ тартуды ұсынды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров ХХІ ғасырда Қазақстанның кейбір ауылындағы халық әлі тезек жағып отырғанын айтты. Солай бола тұра Ерлан Саиров аймаққа газ тартуға жауапты ұлттық компанияның 10 мың қызметкері президент айтқандай, «кофе ішіп отырады» дейді. Саиров сол 10 мың қызметкерді таратып жіберіп, сол ақшаға газ тартуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін біраз әріптесім айтқандай, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Абай облыстары мен Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдағы ағайынымыз тезек пен көмір жағып отыр. ХХІ ғасырда тезек пен көмір жағу - ең ұят нәрсе деп ойлаймын. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық команиялардағы «кофе ішетіндердің бәрін босатыңдар» деді. Мына «Qazaqgaz»-да (Қазақстанның Ұлттық газ комапиясы – ред.) 10 мың адам жұмыс істейді. Өндіретіндері 350 мың куб газ. Салалық министрлік «Шығыс Қазақстан облысының шалғайдағы ауылдарына газ тарту қиын» дейді. Онда сол кофе ішетін 10 мың адамды босатып, соның ақшасын газ тартуға жіберу керек», - деді Саиров.
Сондықтан, депутат үкімет пен ұлттық компания өкілдерінен аймақтарды газбен қамтудың нақты жоспарын әзірлеп беруді сұрады.
«Ертең ауылға барған кезде тезек жағып отырған халыққа сол жоспарды көрсетеміз», - деді ашуға бой берген депутат.
Айта кетейік, бүгін сондай-ақ депутат Нұртай Сабильянов та Абай облысының бір де бір ауылында газ жоқ екенін айтып, мәселе көтерген еді. Ал, кеше, 10 ақпан күні үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Ұлттық компания өкілдері таңертең қымбат кофеханаларда шай-кофе ішіп отыратынын, жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ екенін айтып, оларды сынаған еді.