«Қорадан шелекке салып әкеліп, күлін қайта төгеді»: Сабильянов Абай облысының бір де бір ауылында газ жоқ екенін айтты
Аймақта бір тонна көмірдің бағасы 34 мың теңгеге жеткен, дейді ол
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында аймақтарға газ тарту туралы заң жобасы мақұлданған болатын. Оны талқылау барысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысының бір де бір ауылында газ жоқ екенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат «энергетика министрлі жыл сайын газ тартылмаған өңірлердің мәліметін ғана беріп, жылда осы мәселені қозғайтынын, бірақ, енді сөзден іске көшетін уақыт жеткенін» айтты.
«Мысалы, Абай облысын алып қарайық: бір де бір елді мекен газбен қамтамасыз етілмеген. Алты айдан аса қыс болады, халық үйін жылту үшін көмір жағады. Көмірді қорадан шелекке салып, үйге кіргізеді, оны пешке жағады, сосын күлін қайта шығарады. Халыққа өте қиын. Және қазір бір тонна көмірдің бағасы – 30-34 мың болып кетті. Өткен жолы Бақты ауылына барып, халықпен кездескен кезде көмір бағасының 34 мың теңге болғанын айтты. Шекара маңындағы ауыл. Ауылдағы халыққа өмір сүру қиындаған сайын халық ауылдан көше береді. Бұрын бұл аймақта 625 мың халық болған, Абай облысы болғалы халқының саны 595 мың адам болып қалды. Қазақстан біртұтас мемлекет. Өңірлерге, яғни, халыққа бірдей жағдай жасалу керек. Абай облысымен көршілес Жетісу облысы жатыр. Үшаралаға дейін газ тартылып жатыр. Арғы жағында Абай облысы 100-ақ шақырым жер. Неге Үшаралдан Абай облысына қарай газ тартпасқа?», - дейді Сабильянов.
Депутат сондай-ақ өзі газ өндіретін Шығыс Қазақстан облысы, дәлірек айтсақ, Зайсандағы халықтың да газсыз отырған айтты.
«Өздері газ өндіреді, бірақ өздері газсыз отыр. Газ көрші мемлекетке экспортталады. Ал, сол Зайсан ауданының газымен-ақ елді мекендерді газдандыруға болатын еді. Сондықтан, осы мәселені нақты қарап, шешу керек. Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Абай, Ұлытау, Алматы облыстарыың инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырма берді. Осы тапсырма аясында инфрақұрылымды жақсартып, елді мекендерді дамытуға үкімет қаражат бөлу керек деп ойлаймын», - дейді ол.