$ 490.58  584.77  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:25
Қоғам

Қазақстанда газды тұтыну нормалары мен сараланған тариф енуі мүмкін

Газ тұтынуды нақты есепке алу үшін «ақылды» есептегіш құралдарға көшу ұсынылды

Қазақстанда газды тұтыну нормалары мен сараланған тариф енуі мүмкін
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда газды тұтынудың белгіленген нормаларын енгізу және нормадан асқан көлемге сараланған баға қолдану ұсынылды. Тиісті түзетулер газды үнемді пайдалануға, өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескеруге және газ тұтынуды есепке алудың дәлдігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұндай нормалар Мәжілісте бірінші оқылымда қаралған «Кейбір заңнамалық актілерге газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршинның айтуынша, қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды.

«Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды, бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай әдіс су және энергетика саласында қолданып отыр», - деді Жаңбыршин.

Мұндай тетік Әзербайжан мен Өзбекстанда бұрыннан енгізілген екен.

Тағы бір маңызды мәселе – ол газ тұтынуды есепке алудың дәл еместігі.

«Қазіргі уақытта 2,1 млн тұтынушының есептегіш құралдарының көрсеткіштері бақылаушылар тарапынан қолмен алынады (барлығы 2,8 млн абономент) немесе тұтынушылар есептегіш көрсеткішін фотоға түсіріп, мессенджерлермен жібереді. Абоненттердің бір бөлігі кейде үйінде болмайды немесе есептегіш құралдарға қолжетімділік бермейді, бұл есептің толық әрі нақты жүргізілуіне кедергі келтіреді», - дейді мәжілісмен.

Оның ақпаратынша, QazaqGaz Aimaq жүйесіндегі 1,9 млн абоненттің 100 мыңы ғана деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдармен жабдықталған.

«Осыған байланысты деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Бұл ретте есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асады», - деп атап өтті Жаңбыршин.

Газ саласында осындай нормалардың қабылдануы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, қалпына келмейтін ресурсты пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың төлемдерін және газды үнемдейді, ал үнемделген газ ресурстары өндіріске және газдандырылмаған елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамсыз етілуге бағытталады, деп атап өтті депутат.