Газбен жабдықтау саласындағы делдалдар жойылады: Мәжіліс заңды мақұлдады
Бір газ құбырында кейде екі газ тарату компаниясы жұмыс істеп, бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеп соғады дейді депутат
Газ инфрақұрылымына салынған инвестициялар әрдайым нақты нәтиже бере бермейді. Көп жағдайда дайын нысандар ұзақ уақыт бойы балансқа қабылданбай, техникалық қызмет көрсетілмейді, ал тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізе алмайды. Мұның түпкі себебі – газбен жабдықтау жүйесіндегі артық бюрократия мен делдалдардың пайда болуы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Жаңбыршиннің айтуынша, жыл сайын елді мекендерді газдандыруға бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақытылы пайдалануға берілмей отыр.
«Негізгі себептер – жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары, олар көбінесе нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады, сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы. Қазір объектіні беру бірнеше кезеңтен тұрады: жергілікті атқарушы орган – Қаржы министрлігі – «Самұрық-Қазына» – QazaqGaz – QazaqGaz Aimaq. Соның салдарынан салынған көптеген объекті жергілікті атқарушы органдардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетусіз отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көгілдір отынды пайдалана алмай жатыр», - дейді депутат.
Осы мәселені шешу үшін бюджет есебінен салынатын объектілер бойынша жобалау тапсырмасын жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенге дейін QazaqGaz-бен міндетті түрде келісу; құрылыс барысында техникалық мониторинг жүргізу; электр желілері саласындағы тәжірибе бойынша объектілерді жергілікті атқарушы органдардан тікелей QazaqGaz балансына беру арқылы тапсыру рәсімін жеңілдету ұсынылып отыр.
«Сонымен қатар, делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе болып отыр. Тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алады, бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеледі. Мұндай схемалардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтынушылардың, негізінен халықтың мойнына жүктеледі. Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистральдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады», - деді Жаңбыршин.
Сонымен қатар, жеке инвесторларға қатысты мәселе де өзекті болып отыр. Олар газдандырылмаған көшелер мен тұрғын алаптарға газ құбырларын салады, алайда өз шығындарын өтегеннен кейін пайдалану шығындарын көтергісі келмей, желілерді иесіз күйде қалдырады. Бүгінгі таңда мұндай желілердің жалпы ұзындығы 4 000 километрден асады, деп атап өтті мәжілісмен.
«Осы мәселені шешу үшін жеке инвесторды инвестициялары қайтарылғаннан кейін газ құбырларын өзі қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беруге міндеттейтін норма енгізу ұсынылады», - деді Жаңбыршин.