«Қонақ үйлерде шай-кофе ішіп отырады: Тоқаев «Самұрық-Қазына» басшыларының былығын ашты
Басшылық құрамы «сол жағалаудың» адамдарына толып қалған дейді ол
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларда басқару аппараты шамадан тыс көбейгенін айтып, «сол жағалаудың адамдарына» толып кеткен құрылымды қатаң сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады, тіпті күмәнді пікірталастарға да араласып жатады», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Олар дауыс беруге қатыса ма, әлде қатыспай ма, өз таңдауын қалай білдіреді, бұл бөлек мәселе, дейді президент.
«Бірақ мен үшін бәрі түсінікті әрі белгілі. Ашық айтамын, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Апармайды. Бұл — мемлекеттік компаниялар», - деп ескертті президент.