$ 494.75  586.77  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Еш қиналмай 3 трлн теңгеге жуық табыс тапты»: Тоқаев сылтауы көп банктерді сынға алды

Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, 1 долларға сатылды

«Еш қиналмай 3 трлн теңгеге жуық табыс тапты»: Тоқаев сылтауы көп банктерді сынға алды
Фото: iStockphoto

Қазақстандағы банк секторы активтердің басым бөлігін иемденгенімен, бизнеске берілетін несие көлемі төмен деңгейде қалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты», - деді ол.

Президенттің айтуынша, банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет дегенді талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды.

«Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс»,- деді президент.

Тоқаев экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту екенін атады.

«Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе», - деді ол.