Жанарбек Әшімжан мал дәрігері мамандығындағы студенттердің шәкіртақысын көбейтуді ұсынды
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласындағы кадр тапшылығына назар аударды. Оның айтуынша, аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түседі, ал 2025 жылы мектеп бітірушілер саны 217 мыңнан асты, оның 67,4%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың сөзінше, аграрлық мамандар даярлау саласында проблемалар бар. Соңғы 10 жылда мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 2,5 есеге артқанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» пен «Ветеринария» мамандықтары бойынша грант үлесі екі есе қысқарған.
«Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны 16%-ға, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 37%-ға мал шаруашылығы - 23%-ға қысқарды. Аталған салалар ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары болғанына гранттар саны жыл сайын азаюда», - деді ол.
Депутат атап өткендей, бұл Президенттің агроөнеркәсіп кешенін экономикадағы басты қозғаушы күшке айналдыру және ветеринарлық қызметті дамыту тапсырмасына қайшы келеді. Сонымен қатар, аграрлық мамандық студенттерінің шәкіртақысы 52 мың теңге, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда төмен, ал ауылдық отбасылардың табысы тұрақсыз.
«Нәтижесінде мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр», - деді депутат.
Жанарбек Әшімжан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тәжірибесін мысал ретінде келтірді.
«2023 жылы университетке ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты 4 жетекші ғылыми-зерттеу институты мен 1 тәжірибелік шаруашылық сенімгерлік басқаруға берілді. Қысқа мерзім ішінде нысаналы индикаторлардың 97%-ына қол жеткізілді, ғылым, білім және өндірістің нақты интеграциясы қамтамасыз етіліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі шамамен 2 есе артты, өңірлерде цифрлық шешімдер мен ғылыми зерттеулердің нәтижелері белсенді түрде енгізілуде. Алайда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы қайта қаралып, қаржыландыруы көзделгенімен, оны бекіту үдерісі созылып отыр. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарының шектеулі мерзімі ұзақ мерзімді ғылыми және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреді», - деді ол.
Депутат агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін келесі ұсыныстарды енгізді:
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттар санын арттыру;
- Аграрлық және ветеринариялық студенттердің шәкіртақысын педагогикалық және медициналық бағыттармен теңестіру;
- Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел бекіту;
- Бейіндік ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарын 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.