Айгүл Құспан әскерге дайындық мәселесінің сапасына алаңдады
Ол бұл бағытта насихат аз деген пікірін айтты
Әскерге дейінгі дайындық - жастарымыздың елдік, ерлік санасын қалыптастырып дамытуға және Отан алдыңдағы қасиетті борышын орындауға зор ықпал етеді. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айгүл Құспан айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бұл салада шешуші фактор болып формалды түрде қамту көрсеткіштері емес, дайындықтың шынайы сапасы.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметіне сүйінсек, елімізде әскери-патриоттық үйірмелер мен клубтардың кең желісі қалыптасқан. Онда жыл сайын жастарды кеңінен қамтитын түрлі іс-шаралар өткізілуде. Алайда, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметті жасақтау мәселесі күрделеніп бара жатқаны, шындық. Оған қоса, әскери қызметті саналы түрде өмірінің өзегі, негізі етіп таңдаған жастардың саны жылдан жылға азайып барады. Бұл көрініс атқарылып жатқан шаралар тиімділігінің жеткіліксіз және мұнда формализмнің кең орын алғанын көрсетеді», - дейді депутат.
Айгүл Құспанның мәліметіне сүйенсек, осы олқылықтарды жою мақсатында 2025 жылдың 16 шілдесінде әскери-патриоттық тәрбие мен әскерге дейінгі дайындықты біртұтас әрі жүйелі моделін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды.
«Жақсы жүйе – жарты жеңіс» дегендей, заң шеңберінде салалық заңнамалар өзара үйлестіріліп, азаматтарды әскери қызметке даярлаудың нысандары нақтыланып, кеңейді. Аталған өзгерістер толық түрде шынайы іске асқан жағдайда, орта білім беру ұйымдарының барлығын, оның ішінде мамандырылған әскери мектептерді , оған қоса әскери-патриоттық бірлестіктерді қамтып, олардың дайындық шараларына, есепке алу жүйесіне, қол жеткізген табыстарын бағалауға және бірыңғай талаптарды нәтижелі жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді депутат.
Алайда, Айгүл Құспан атап өткендей, құқықтық түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, сондай-ақ жекелеген уәкілетті органдар тарапынан орындаушылық тәртіптің төмендігі, аталған заң нормаларының бытыраңқы берекетсіздігіне, баяу іске асуына әкеліп, олардың өмірлік мәні бар нәтижесіне кері әсерін тигізіп отыр.
«Әскерге дейінгі дайындықты дамыту – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың және балғын жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі екенін Тәуелсіздік алған жылдарымызда әбден таныдық. Осыған орай, қысқа мерзімде ойы мен бойы, жаны мен қаны шыңдалған, отан сүйгіш жастарды дайындаймыз десек қазірден бастап барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ауқымды ұйымдастырушылық, әдістемелік және басқарушылық жұмыстарды жүргізу ауадай қажет. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидатын басшылыққа ала отырып, халық арасында білім беру ұйымдары мен жастар бірлестіктері арасында әскерге дейінгі дайындықтың жаңа талаптарын, оның маңызы мен болашағы жөнінде мақсатты әрі жүйелі құқықтық-түсіндіру жұмыстарын сапалы, нәтижелі түрде жүргізу қажет», - дейді депутат.