$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:24
Қоғам

Қазақстанда сабақтан кейін оқушыларға репетитор болып, ақша табатын мұғалімдерді қандай шектеу күтіп тұр

Елімізде қосымша білім беру нарығы заңмен реттелмеген дейді министр

Қазақстанда сабақтан кейін оқушыларға репетитор болып, ақша табатын мұғалімдерді қандай шектеу күтіп тұр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Оқу-ағарту министрлігі мектепте сабақтан кейін балаларға ақылы түрде қосымша білім беретін мұғалімдер үшін жаңа шектеулер енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, репетитор нарығы заңдастыруды және құқықтық реттеуді қажет етеді.

«Біз Tesla Education-мен байланысты мәселе орын алғаннан кейін заңнамалық тетіктерді күшейтуге бағытталған үлкен жұмысты бастадық. Бұл да қосымша білім, репетиторлық нарық. Сондықтан біз бұған қатысты заңнамалық тетіктерді күшейтеміз. Қазір бұл заңмен реттелмеген. Мұның сағаты қанша, одан төленетін салық қанша болуы керек деген мәселелердің барлығы ашық. Сондықтан да, менің ойымша, ата-аналар тарапынан түскен сұрақтар өте өзекті», - деді Сүлейменова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, сабақтан кейін репетитор болып қосымша ақша табатын мұғалімдерге жаңа шектеулер енгізбес бұрын оны сол педагогтермен де ақылдасу қажет.

«Мұның бәрін заңмен реттеп тастау қаншалықты қисынды болады? Оны да мұғалімдермен  талқылауымыз керек. Бір жағынан бұл мұғалімнің интеллектуалдық құқығы. Бірақ ол оны мектепте өткізетін болса, мұны заңнамалық, салықтық тұрғыдан реттеу қажет деп санаймын. Егер мұғалім мемлекеттен айлық алып отырып, өз жүктемесі аясында балаға сабақты толық бермесе, содан кейін сол балаға қосымша сабақ өткізетін болса, менің ойымша, бұл реттеуді қажет етеді», - деді Сүлейменова.