«Әкесі түрмеде, анасы ішімдікке салынған»: Бас прокурор үш жасар баланың тағдыры туралы айтты
Бүлдіршінді қамқоршылық қызметі орталыққа әкеткен
Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына биыл балалардың құқығын қорғауқа қатысты прокурорлар атқарған жұмыс туралы есеп берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы, Асыловтың сөзіне сенсек, биыл әр өңірде прокурорлар бала құқығын қорғау үшін арнайы блог ашып, арыз-шағым қабылдап отырған. Буллинг фактілері анықталып, мектепке баратын жолдардың инфрақұрылымдары тексерілген.
«Алматы облысының прокуратурасы Kundelik платформасымен меморандум жасап, қосымшаның басты бетінде прокуратураның блогын іске қосты. Блог балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Құқықтық негіздерді тиімді қабылдау үшін өзара іс-қимылдың 4 негізгі тетігі қарастырылған. Материалдар (фото, видео, мәтіндік форматтар және вебинарлар) оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалып, күрделі құқықтық мәселелер түсінікті тілде беріледі, ұсынымдар мен кеңестерді қамтиды және оқу процесінде қолданылады. Балалармен кері байланыс QR-кодтар, сондай-ақ мессенджерлер арқылы анонимді өтініш беру мүмкіндігімен қамтамасыз етілген. Блогты 210 мың оқушы мен олардың ата-аналары қарады», - деп жазған Асылов.
Прокурорлар араласқаннан кейін Қазақстанда 16 мың баланы дәрігерлер тексеріп, 4 мыңнан астам ата-ана заңды әлеуметтік төлемдерін ала алған.
«Қамқорлықсыз қалған үш жасар балаға жедел көмек көрсеттік: оның әкесі жазасын өтеп жатқан, ал анасы қоғамға жат өмір салтын ұстанған. Анасын маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге жатқыздық, ал бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында», - деп жазды Асылов.