$ 517.66  606.49  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:27
Қоғам

«Бір апта бұрын ғана жолығып едік»: өнер иелері Асанәлі Әшімовті еске алып жатыр

Қазақ киносындағы алып тұлға кеше өмірден озған еді

«Бір апта бұрын ғана жолығып едік»: өнер иелері Асанәлі Әшімовті еске алып жатыр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ киносы мен театр ұжымдары аңыз адам Асанәлі Әшімовті қайғыра еске алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Театр және кино актері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, өз спектакілдерін қойып жүрген режиссер Бекжан Тұрыс Асанәлі Әшімовпен бір апта бұрын ғана телеарналардың бірінде жолығып, батасын алғанын айтқан.

«Қазақ киносының мэтрі, ұлттық мәдениет пен өнердің асқар тауына айналып бір дәуірдің рухын арқалап өткен алып тұлға Асанәлі ағамыз да пәниден бақиға бет бұрды. Мыңдаған адамның жүрегінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін саналы жанның бәрін сең соққандай етті…Мынау мазасыз дүниеде безгек тигендей селкілдеп қалдық. Жүрек сыздағанымен, жан мұздағанымен ажалға қарсы амалымыз жоқ. Қазақ киносының «Алтын қорына» өлмес рольдер мен шеберлік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өзінің өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір ролі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қазақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мәдениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі ағаның өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы көрерменнің жүрегінің төрінде сақталады. Қайталанбас өнерімен, тағдыры тарту еткен теперішін көтере алғанымен қазақтың есінде қалады. «Көреміз» бағдарламасының түсірілімінде бір апта бұрын ғана болып едік. Сонда: «ана «Жармақты» барлық жерде қоюың керек. Сен өзіңді дәлелдеп келесің ғой», - деген еді…Мақтау сөзді орынсыз айта бермейтін ағаның ризашылық білдіргені деп қабылдағам. Бәлкім, аманаты…Рухыңыз шат болсын, аға!», - деп жазған актер.

Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова Асанәлі Әшімов туралы бірнеше естелік видео жариялаған.

«Ағамыздан айырылып қалдық, нар тұлғасымен ,адамдығымен, адалдығымен мәңгі есте қалары анық, аңыз ағаммен қоштасқым келмейді, амал қанша…Иманыңыз саламат болсын, асыл аға! Өзіңізге тамсана қарайтын халқыңызға қайғырып көңіл айтамын отбасыңызға Алла сабыр берсін», - дейді Жүнісова. 

Ал, аты әлемге танылған жас әнші Димаш Құдайберген де Асанәлі Әшімовті еске ала, жан сырын ақтарған.

«Асанәлі ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қазақ өнерінің тұтас дәуірі мен тарихын арқалаған алып тұлға өмірден өтті…Сіз – қазақ өнерінің ғана емес, тұтас бір ұлт руханиятының темірқазығы болған ұлы тұлға едіңіз. Маған берген ақ баталарыңыз, айтқан әрбір өнегелі сөзіңіз - мен үшін өмірлік бағдар, өнер жолындағы ең қымбат рухани мұра. Сіздің сеніміңіз бен ақыл-кеңесіңіз мені әрдайым биік жауапкершілікке, адалдық пен тазалыққа жетелеп келеді. Өнерге, адамдыққа, ұлтқа деген сіздің ұстанымыңыз - кейінгі буын үшін өлмес өнеге. Сол өнегені жүрегімде сақтап, әрдайым лайық болуға тырысамын. Ағамыздың рухы пейіштің төрінде шалқығай! Отбасына, жақындарына жаратушы иеміз сабыр берсін. Қазаның арты қайырлы болғай, ағайын», - деп жазған Димаш Құдайберген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері, халық әртісі Асанәлі Әшімов кеше, 21 желтоқсан күні 88 жасында өмірден өтті.

Серіктес жаңалықтары