«Өлім жолы»: Ақтөбе облысындағы Самара – Шымкент тасжолы қашан кеңейтіледі
Апат жиі болатын жол учаскесін реконструкциялау жұмысы келер жылы басталады
Ақтөбе облысындағы Самара – Шымкент тасжолында бірнеше қайғылы жол апатынан кейін автожолды екі есе кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жолдағы жоғары апаттылық пен тұрғындардың шағымдарын білеміз. Қазір реконструкция жобасына қатысты барлық қажетті рәсім жүргізіліп жатыр», – деді Иманашев үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жолды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асады, жұмыстардың бір бөлігі басталып кеткен.
«Ұзындығы 28 шақырым болатын учаскеде қазір төрт жолақты тасжол салынып жатыр. Оның екі жолағын былтырдан бастап төсей бастағанбыз», – деді «ҚазАвтоЖол» басшысы.
Журналистер қазан айының соңында 12 адам қаза тапқан Белқопа ауылы маңындағы апат болған жер реконструкцияға ене ме деп сұрады.
«Иә, бұл учаске жобаның ішінде. Жалпы, реконструкция 232 шақырым жолды қамтиды. Конкурс рәсімдері жүріп жатыр, 15 компания өтінім берді, оның 6-ауы – қазақстандық. Құжаттар қаралған соң, жобаны қаржыландыратын банкке жіберіледі. Бәрі келісілгеннен кейін ғана мердігер анықталады», – деді Иманашев.
Ұлттық компания басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша келесі жылы басталады.
Естеріңізге салайық, 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолының Белқопа ауылы маңында жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын «Газель» автокөлігі соқтығысқан болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен. Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен «Газель» көлігіндегі 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапты, тағы алты адам түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың арасында әкесі мен баласы, анасы мен ұлы бар екені хабарланған болатын.
Ал 7 желтоқсан күні «Самара-Шымкент» автожолының 1024-шақырымында 49 жолаушы мінген автобус аударылып, 5 адам оқиға орнында көз жұмды.