$ 508.3  592.17  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шығыс Қазақстандағы экономикалық серпін: өңірдің ЖӨӨ 5,5 трлн теңгеден асты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «литий – екінші мұнай» деуі Шығыс Қазақстан үшін ерекше маңызға ие 

Шығыс Қазақстандағы экономикалық серпін: өңірдің ЖӨӨ 5,5 трлн теңгеден асты
Фото: Freepik

Шығыс Қазақстан өңірі экономикалық әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған белсенді саясат жүргізуде. Бүгінде басты назар негізгі капиталға инвестиция тарту, әкімшілік кедергілерді азайту және перспективалы бизнес-идеяларды қолдауға аударылған. Нәтижесінде облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,5 трлн теңгеден асады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфелінде құны бір трлн теңгеден асатын 81 жоба бар. Оның 64-і іске асырылуда, ал биыл тағы 15 жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр. Осылайша 400-ден астам жаңа жұмыс орны, жаңа кәсіпорындар, жергілікті өндірушілер мен мердігерлер үшін сұраныс, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ, деп жазады Azattyq Rýhy.

Өңірде өткен ірі бизнес-форумдар мен келісімдердің арқасында көптеген компания ШҚО-да өндіріс ашуға, жаңа жобаларды іске қосуға қызығушылық танытып отыр. Облыстың қаржылық көрсеткіштері де оң бағытта өзгеріп жатыр. Бюджеттің өзіндік кірістері 13 пайызға өсіп, шамамен 200 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өсім өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жұмыс орындарын ашу бойынша да аймақта оң динамика байқалады. Соңғы кезеңде 23 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 17 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Қазіргі уақытта өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында сақталған. Осы ретте облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейі де жақсарып келе жатыр деуге негіз бар. Орташа айлық жалақы өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға өскен. Мамандардың айтуынша, инвестициялық жобалардың көбейуі, жаңа өндірістердің ашылуы және инфрақұрылымның дамуы алдағы уақытта да өңірдің экономикалық өсіміне ықпал етеді.

Өңірдің негізгі басымдықтарының бірі – тау-кен металлургия кешенін дамыту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «литий – екінші мұнай» деуі Шығыс Қазақстан үшін ерекше маңызды. Өйткені еліміздегі литийге бай негізгі кен орындарының көбі дәл осы өңірде орналасқан. Қазір облыста литий өндіру бағытындағы бірнеше жоба іске асырылып жатыр, соның ішінде Ұлан ауданындағы «Алатау Литий» және халықаралық компаниялардың жобалары бар. Бұл кәсіпорындар болашақта электромобильдер мен заманауи техникаға қажетті аккумуляторлар өндірісіне пайдаланылатын стратегиялық металды өндіретін орталыққа айналуы мүмкін. Сонымен қатар Шығыста бұрынғы тау-кен қалдық қоймалары көп. Қазір жаңа технологиялар сол қалдықтардың өзінен бағалы металл алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өңір үшін екі жақтан тиімді: біріншіден, экологияға зияны жоқ, екіншіден, бұрын пайдасыз саналған қоймалардан қымбат металдар өндіріліп, жаңа өндірістер ашылады.

Ұлан ауданында бірнеше маңызды инвестициялық бастамалар іске асырылуда. Олардың қатарында, құны 8,8 млрд теңге болатын «Stone Wool» жылу оқшаулағыш материалдар зауыты, 21 млрд теңгелік көліктік-логистикалық орталық және 2,7 млрд теңге бағытталған туризмді дамыту бағдарламасы бар. Глубокое ауданының да экономикасын әртараптандыру бойынша жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. 2029 жылға дейін жеке инвестициялар көлемі 92 млрд теңгеден асуы жоспарланған.  

Шығыс Қазақстанда табиғи ресурстар да, өнеркәсіптік қуат та жеткілікті. Мұнда «Қазцинк», Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында облыс күнбағыс егісі бойынша көш бастап, елдің өсімдік майына деген сұранысын толық қамтамасыз етеді. Алтай балы халықаралық брендке айналды, ет-сүт бағыты фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына мүмкіндік ашып отыр. 

Аймақта өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамып, инвестициялық белсенділік артып отыр. Аудандарда 2029 жылға дейін 350 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары