$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.12.2025, 10:39
Қоғам

Лицензиясыз жұмыс істеген: сұлулық салоны қазақстандық әйелге 1,2 млн теңгесін қайтарып берді

Клиент уәде етілген нәтижені көре алмаған

Лицензиясыз жұмыс істеген: сұлулық салоны қазақстандық әйелге 1,2 млн теңгесін қайтарып берді
Фото: freepik.com

Қостанай облысында лицензиясыз жұмыс істеген сұлулық салоны сот шешімінен кейін клиентке 1,2 миллион теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратынша, биыл жазда Қостанай тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызметі үшін сұлулық салонына 1 200 000 теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижені көре алмағандықтан салоннан келісімді бұзып, ақшаны толық қайтаруды талап еткен. Салон әйелдің талап-арызына жауап бермеген, сондықтан клиент Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне арызданған.

Департамент талап-арызға жауап бермеген сұлулық салонын әкімшілік жауапқа тартып, келісімшартқа тұтынушылардың құқығын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау туралы нұсқама берген. Ал қостанайлық әйелге сотқа жүгінуді ұсынған.

Сотта анықталғандай, салон медициналық қызметтер қатарына жататын дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізген. Осыған байланысты сот сұлулық салонын тұтынушыға ақшасын толығымен қайтаруға міндеттеді.

Министрліктің ақпаратынша, жыл басынан бері департаментке 1452 өтініш түскен, ал 360 азамат жеке қабылдауда мамандардан кеңес алған. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеріс жүргізілді. Жоспардан тыс тексерістер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынды.