Республика соттары сайлау ісі бойынша барлығы 2 өтінішті қарады
Өтініштердің бірқатары шағымданушылар заң талаптарын сақтамағандықтан кері қайтарылды

Республика соттары 10-11 қаңтарда сайлау істері бойынша барлығы 2 өтінішті қарады. Бұл туралы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мәлімдеді.
Республика соттары 2021 жылдың 10-11 қаңтарында учаскелік сайлау комиссияларының (УСК) шешімдері мен әрекеттеріне шағымдануға қатысты 2 өтінішті мәні бойынша қарап, шешім қабылдады. Екі істі де Алматы соттары қарады.
«Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі Медеу аудандық сотына жүгіне отырып, бақылаушысын тіркеуден бас тартқаны және сайлау учаскесіне кіруге рұқсат бермегені үшін УСК-нің әрекетін заңсыз деп тануды және бақылаушы ретінде тіркеуге міндеттеуді сұрады.
«Сайлау туралы» заң бақылаушыдан өкілеттігін жазбаша растауды талап етеді. Бұл құжат бақылаушының тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып ұсынған ұйымның мөрімен бекітілуі тиіс. Бұған қоса, бақылаушы жеке куәлігін көрсетуге міндетті. Осы талаптардың барлығын бақылаушы болуға тілек білдірген тұлға орындамаған. Сол себепті сот қоғамдық бірлестіктің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты», - делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Садуақасовтың Facebook-парақшасында.
Дәл осындай өтінішпен №2 Алмалы аудандық сотына «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры да жүгінді. Онда қоғамдық қор өз өкілінің сайлау учаскесінің ғимаратында бос орындардың болмауына байланысты бақылаушы ретінде кіргізілмегендігін атап көрсеткен. Қоғамдық қор санитарлық талаптарды сақтауға байланысты сілтемелерді негізсіз деп есептеді.
УСК өкілі сайлау учаскесінің ғимаратындағы бақылаушыларға бөлінген орынның босағанын күте тұру туралы өтінішті оны кіргізуден және тіркеуден бас тарту болып табылмайтындығын атап өтті.
Сот анықтағандай, УСК ғимаратында қоғамдық бақылаушыларға бөлінген орындар санитарлық нормалар мен COVID-19-дың таралуының алдын алу жөніндегі алгоритмге сәйкес орналастырылған.
Учаскеге келген сәтте бақылаушыға орын ұсыну кезінде әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтау мүмкін болмады.
«Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс талаптары мен жоғарыда аталған алгоритмді бекіту туралы Бас санитарлық дәрігер қаулысының нормалары міндетті түрде орындалуы тиіс. Осыған байланысты сот қоғамдық қордың талабын орындаудан бас тартты», - делінген ақпаратта.
Өтініштердің бірқатары өтініш берушілердің заң талаптарын сақтамауына орай кері қайтарылды. Атап айтқанда, оларда УСК-ге қойылатын нақты талаптар мен заңның қандай нормалары бұзылғаны көрсетілмеген.