«Саналы адамның сайлауға баруы – міндет»: Алматы облысында аяқ-қолынан айырылған жігіт сайлауға барды
Мүмкіндігі шектеулі жан сайлауға үнемі қатысып жүретінін айтады

Алматы облысында екі қол, екі аяғынан айырылған жігіт сайлауға барды. Болат Абделдинов кез келген саналы адам елдегі жағдайға немқұрайлы қарамау керек деп санайды. Бірінші топтағы мүгедек жігіт бүгін ел көлемінде өтіп жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына келіп, өз таңдауын жасады. Мүмкіндігі шектеулі жан Қаратал ауданында тұрады.
Денесіне төрт бірдей протез салдырған жас жігіт №520 сайлау учаскесіне тіркелген. Саяси жағдайға немқұрайлы қарау сүреңсіз өмірге сүйрейді деп санайды Болат. Оның айтуынша, сайлауда дауыс беру – еліміздің кез келген азаматының парызы. Болат мал бағып жүріп аязда далада қалып, аяқ-қолын үсітіп алған. Үштөбе қаласының тұрғыны жұбайымен бірге қызын тәрбиелеп отыр.
«Мен үнемі сайлауға қатысамын. Дауыс беру – кез келген азаматтың парызы. Адамдар елінде болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарамауы керек. Мен үшін дауыс беру мүлде қиын болған жоқ. Өйткені, ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына жағдай жасалған. Бүгін мұнда болашағын ойлайтын адамдар келді деп санаймын. Біз қазір әлемде қандай құбылыс болып жатқанынан хабардармыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көптеген бағдарламалар қабылданып жатыр. Олардың жағдайлары әлде де жақсаруы үшін сайлауда дауыс беріп, белсенділік танытуымыз қажет», - дейді Болат Абелдинов.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді түрде сайлауға қатысып жатыр. Қапшағай қаласының тұрғыны Марат Абдулдаев та бүгінгі сайлауда белсенділік танытты. Көпбалалы отбасынан шыққан азамат арбаға таңылғанына қарамастан, № 937 учаскесіне келді.
«Қапшағай Самғау» мүмкіндігі шектеулі бірлестігін құрып, 4 жылдан бері еңбек етіп келемін. Науқанға арнайы келіп, болашақтың жарқын болуына өз дауысымды бердім. Қаладағы жарымжан жандар да қалыс қалмай, өз таңдауын жасап жатыр. Биылғы сайлаудың ерекше өтуіне байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шаралары дұрыс ұйымдастырылған. Кіре берістен термометр құралымен тексеріліп, анисептикпен қол тазартылу сынды жүйелер де ретімен жүргізіліп жатыр», - деді Марат Абдулдаев.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы