Бектенов пен Пашинян цифрландыру және ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады
Соңғы бес жылда қос елдің өзара сауда көлемі алты есе өсті
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі қарастырылып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген қазақ-армян уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы, көлік, цифрландыру, ғарыш индустриясы, туризм және мәдени-гуманитарлық жобаларға назар аударылды», - деп жазылған хабарламада.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың және екіжақты тауар айналымының қарқынды өсуіне жағдай жасаудың маңыздылығы аталып өтті.
Соңғы бес жылда өзара сауда көлемі 2020 жылғы $14,2 млн-нан 2024 жылғы $82,8 млн-ға дейін алты есе өсті. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында тауар айналымы $41,6 млн-ды құрады.
Осы бағыттағы одан арғы өзара іс-қимыл шеңберінде 2026-2030 жылдарға арналған тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын іс жүзінде асыру, еркін және арнайы экономикалық аймақтарда бірлескен өндіріс ошақтарын құру, сондай-ақ «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің» сақтандыру құралдарын пайдалана отырып, іскерлік байланыстарға жәрдемдесу жайы талқыланды. Осылардың нәтижесінде қазақстандық металлургия, мұнай-химия және тамақ өнімдерінің қосымша экспорты шамамен $350 млн құрауы мүмкін.
Тараптар Қазақстанның жоғары сапалы астығын Арменияға экспорттау перспективаларына да тоқталды.
«Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ішкі нарықты қолайлы бағамен қамтамасыз ету үшін Армениядан жаңа піскен жемістер мен ерте көкөністерді және жаңғақтарды импорттау жайы да қызығушылық тудырды. 2024 жылы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 7,7%-ға өсіп, $9,7 млн болған. Осы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2%-ға ұлғайып, $9,2 млн-ды құрады», - дейді үкімет.
Өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту, машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электротехникалық өнімдерді, оның ішінде аккумуляторлар мен трансформаторларды жеткізумен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды – қазірдің өзінде 27 мыңнан астам бірлік экспортталды.
Сонымен қатар цифрландыру және ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.Тау туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан туристерді тарту орталығы және туристік саланы дамытудың маңызды элементі болатын әлемдік деңгейдегі жаңа курорт – Алматы тау кластерін жүзеге асыруға кірісті.
Кездесу соңында премьер-министрлер Олжас Бектенов пен Никол Пашинян елдердің үкіметтері жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін бар күшін салатынын атап өтті.
Ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.