$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Экс-әкімнің ұлы Қонаевтың аумағынан да үлкен жер телімін иемденіп алған – Базарбек

Депутат Қапшағай мен Іле өзені маңындағы заңсыз жерлер мәселесін көтерді

Экс-әкімнің ұлы Қонаевтың аумағынан да үлкен жер телімін иемденіп алған – Базарбек
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауындағы, сондай-ақ Алматы облысының Іле ауданындағы заңсыз берілген жерлер мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, биыл маусым айында прокуратураға жолданған өтініш негізінде жүргізілген тексеріс барысында 81 жер телімінің 50-інде заң бұзу фактілері анықталған. Бұл жерлер су қорғау аймағында және ерекше қорғалатын аумақтарда орналасқанына қарамастан, Қапшағай қаласының әкімдігі тарапынан бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға, елге белгілі бизнесмендер мен бірінші Президенттің туыстарына берілген.

«Бұл жерде шок ететіні – заңды бұзған қарапайым халық емес, кезінде Қапшағай әкімдігінде жұмыс істеген шенеуніктердің өздері. Олар Жер және Су кодекстерінің талаптарын елемей, жерді туыстарына және олигархтарға үлестіріп берген», – деді депутат.

29 тамызда заңсыз берілген учаскелердің иелеріне ресми нұсқамалар шығарылғанымен, тексеруші инспекторларға қазір бизнес элита тарапынан қысым көріп жатқаны айтылды.

Сонымен қатар, Базарбек Іле ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты да деректерді жария етті. Халықтың шағымына сәйкес, Іле ауданын 14 жыл басқарған экс- әкім Николай Логутов қызмет бабын пайдаланып, ауқымды жер телімдерін отбасына заңсыз иемденіп берген. Қазір бұл жерлердің басым бөлігі оның ұлы Константин Логутовтың иелігінде.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, ол бірнеше компанияның құрылтайшысы және 10 мың гектардан астам жерге иелік етеді. Бұл Қонаев қаласының аумағынан да үлкен. Тұрғындар жерге кіре алмай, мал жайып, егін еге алмай отырғанын айтып шағымданған.

Депутат Алматы облысының прокуратурасы тарапынан Константин Логутовтың іс-әрекеттерін бүркемелеу деректерінің барын да алға тартты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Жер заңсыз берілсе және пайдаланылмаса, ол мемлекетке қайтарылуы тиіс» деп нақты айтты. Сондықтан заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару ісі әділ әрі ашық жүруі қажет», – деді Бақытжан Базарбек.

Ол Бас прокурордан Қапшағай мен Іле маңындағы заңсыз берілген жерлерге қатысты істі ерекше бақылауға алып, инспекторларға қысым жасауға жол бермеуді, сондай-ақ Іле ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты қосымша тексеріс жүргізуді сұрады.

Серіктес жаңалықтары