$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың Алматы облысындағы жерлерін тергеуді талап етті

Ол бас прокурордың атына депутаттық сауал жолдады

Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың Алматы облысындағы жерлерін тергеуді талап етті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт  Бас Прокурордың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Нұрбол Назарбаевтың активтеріне шүйлікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Зайыттың мәліметіне сүйенсек, Нұрбол Назарбаев Болат Назарбаевтың ұлы.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жариялағаннан бері «әділдік», «әділеттілік» ұғымы біздің күнделікті қолданатын сөзімізге айналды. Бірақ, несін жасырайық, айтуға жеңіл бұл сөздердің артында зілдей салмақ бар. Өйткені әділеттің шуағы әлі қоғамның барлық саласына толық тарай қойған жоқ-тұғын. Енді сол сәуле жылымықтай кеңейіп, тарай бастағаны байқалады», - деген ол қазір Қазақстанда заңсыз жолмен иемденген активтерді мемлекетке қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, қаржы министрлігінің жанындағы Активтерді қайтару комитеті олигархиялық топтардың және жекелеген ықпалды тұлғалардың күмәнді байлығына қатысты тергеу шараларын күшейткен және ол қуантарлық бастама.

«Кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды. Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базарына қатысы жиі сөз болады. Алайда аталған нысандардың жоғарыда тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз», - дейді ол.

Себебі, Зайыт атап өткендей, бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, сот отырыстары жабық өткен.

«Активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр. Осыған байланысты төмендегі сұрақтарды қоюды орынды деп санаймын», - деген ол бас прокурорға мынандай талаптарын қойды.

  • Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
  • Аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді ету.
  • «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.            
Серіктес жаңалықтары