Nur Otan-ға жаңадан қосылғандарды бөле жармаймыз - Арман Қырықбаев праймериз жайлы
Партияішілік праймериз 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өткізіледі
Партияішілік праймериз өткізуге дайындық жүргізуіне қажетті уақыт пен мүмкіндік бар. Кадрлық, қаржылық, техникалық ресурстар да жеткілікті. Бұл туралы Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев айтты. Саясаттанушы Бақытжан Бұхарбайға берген сұхбатында ол Мәжіліс пен Мәслихаттарға партия атынан қатысатын азаматтарды іріктеудің негізгі механизмдері мен идеяның мәнін түсіндірді.
«Негізгі мақсат – партияның сайлауалды тізіміне енетін кандидаттардың сапалық құрамын мүмкіндігінше жақсарту. Алдын ала дода арқылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды таңдап алып, соларды тізімге енгізу. Олардың танымалдығын, сөзінің өтімділігін пайдаланып, сол арқылы партияның мүмкіндігін, жеңіске қабілетін еселеп арттыру», - деді А.Қырықбаев.
Оның сөзінше, кез келген адам Nur Otan партиясының мүшесі болмаса да, қазір қосылып, үміткер ретінде тіркеле алады. Сондықтан праймериз – әсіресе, жастарға жақсы мүмкіндік болмақ.
«Әрине, көп жағдайда азаматтардың көзқарастары бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ айналып келгенде бәріміздің ойлайтынымыз – елдің тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарының қорғалуы, әлеуметтік жағдайы. Сондықтан мақсатымыз ортақ болғаннан кейін, бәрінің басын тоғыстырып, әрбір қазақстандыққа мүмкіндік беріп, есікті айқара ашып отырмыз. Жарыста Nur Otan-да бұрыннан мүшелікте бар адамдарды жаңадан қосылғандардан бөле жармаймыз. Дегенмен ертең кадрлық саясат жүргізгенде тағайындау мәселесіне жауапкершілікпен қараймыз. Себебі, тәжірибесі бар адам жұмысты біледі»,- деп түсіндірді хатшы.
Дискриминация болмайтынына партия басшылығы кепілдік береді. Оған байланысты барлық өңірдегі басқарушы орган қызметкерлеріне ескерту де жасалған. Ереже 15 маусымнан бастап екі ай бойы арнайы дәріс сабақтар арқылы егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
«Партияның орталық аппаратында бақылау комитеті бар. Жер-жерде өкілдіктері қызмет атқарады. Солар тәртіптің қатаң сақталуын қадағалайды... Екі ай ішінде Ермұхамед Ертісбаев, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Саясат Нұрбек сынды елімізге белгілі саясаттанушыларды, басшылық қызметтегі тәжірибелі азаматтарды және басқа да коучерлерді тарта отырып, праймериздің не екенін, депутаттың негізгі қызметін түсіндіретін төрт модульден тұратын арнайы онлайн дәрістер өткіземіз. Ол үшін өзіміздің цифрлық платформамызды жасадық, бір мезетте 400 адамға сабақ бере аламыз», - деп айтты А.Қырықбаев.
Сонымен бірге, праймериз үшін арнайы мобильді қосымша дайындалып, партия мүшелері үміткерлерге онлайн дауыс беруге мүмкіндік алады. Қосымшада үміткер туралы толық ақпарат енгізіледі. Арман Қырықбаев сайлауға кедергі жасау мақсатын көздейтін интернет шабуылдардың алдын алу шаралары да қабылданғанын да хабарлады.
Еске салайық, партияішілік праймериз биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өткізіледі. Кандидаттар арасында дебаттар ұйымдастырылады. Париялық тізімге ұсынылатын үміткерлер ішінде әйелдер 30%-дан, ал жастар 20%-дан кем болмауы керек. Ал аймақтардағы Мәслихатқа сайлауға түсетіндердің 70%-ы праймериз арқылы іріктелген соң ғана саяси тартысқа жіберіледі.
Абай Сейфулла, Нұр-Cұлтан