Елімізде тағы 9 құрметті атақ пайда болады
Соның бірі - «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы
Қазақстанда тағы 9 мемлекеттік марапат пайда болады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, осы тоғыз атақтың бірі «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» марапаты болмақ.
«Мен Жолдауда жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсындым. Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар. Бұл – елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне шынайы құрметтің белгісі. Қазір депутаттар тиісті заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатыр», - деді Тоқаев.