Келесі Ұлттық құрылтай Бурабайда өтетін болды
Онда президент жаңа жоспарларын жария етпек
Келесі Ұлттық құрылтай Бурабайда өтетін болды. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент осы құрылтайда Қазақстанды одан әрі дамытуға қатысты тың жоспарларды жария етпек.
«Бұрынғы жоспардың бәрін қазіргі күннің талабына лайықтап, түзету қажет. Мен бұған дейін реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айттым. Өйткені елімізді жан-жақты жаңғырту ісі үздіксіз жалғаса беруге тиіс. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын», - деді Тоқаев бүгінгі форумда.
Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру жолында әлі де көп жұмыс істеу қажет.
«Ол үшін жалпыұлттық бірегейлігіміздің негізін ұдайы нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, экономиканы дәйекті түрде дамыту керек. Елдік мақсаттарымыздың көкжиегін көре білу маңызды. Сонда ғана алдымызға қойған стратегиялық міндеттердің бағытынан ауытқымаймыз. Бос әңгімелер мен өнбес дауларды қумай, болашаққа сеніммен қадам басуымыз керек. Батыл бастамаларымызды бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін», - дейді президент.