Энергия мен су ресурстарын басқаруда түбегейлі өзгерістер керек - депутат
Ұлттық статистика бюросының және ұлттық даму институтының болжамы бойынша 2030 жылға қарай энергия ресурстарын тұтыну 17% - ға ұлғаяды
Экономика қарыштап өсіп, энергия және су ресурстары тапшылығы артқан сайын оларды пайдаланудың максималды тиімді тұсын тауып, үнемдеу қажет. Ресурстарды басқарудың стратегиялық тәсілі - еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Экономиканың шикізатқа бағдарлануы, кәсіпорындарға энергия үнемдейтін тиімді технологияларды енгізбеу бұл энергия және су ресурстарының шығындап, тұтынудың қауіпті деңгейіне алып келеді. Осылай деген мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов ресурстарды басқаруда түбегейлі өзгерістер керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының және ұлттық даму институтының болжамы бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында энергия ресурстарын жалпы бастапқы тұтыну 2030 жылға қарай 17%-ға ұлғаяды (2020 жылы 65,7 млн тонна мұнай баламасынан 2030 жылы 76,8 млн тоннаға дейін). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында монополистер үшін жаңа шешімдердің қажеттілігі туралы энергиямен, жылумен және сумен жабдықтау, тариф белгілеудің жаңа әдістерін енгізу, олардың жауапкершілігі және цифрлық бақылау құралдарын енгізу туралы айтылды. Біз энергетикалық және су ресурстарының айтарлықтай шығындарын ескеруіміз қажет: шығындардың 14%-ы электр энергиясын тасымалдау кезінде, 42%-ы жылу энергиясын тасымалдау және тарату кезеңдерінде, 2%-ы өндірістен соңғы тұтынушыға дейін газ шығыны және 2%-ы бүкіл жеткізу тізбегі бойынша су шығыны. Бұл көрсеткіштер дереу назар аударуды талап етеді, осындай шығындарды азайту және ресурстарды пайдаланудың жалпы тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды енгізу қажет», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, қазіргі уақытта электр энергетикасы, газбен, сумен жабдықтауда бір-бірімен интеграцияланбаған ақпараттық жүйелер арқылы жұмыс істейді.
«Энергетикалық және су ресурстарын есепке алудың бірыңғай жүйесі болмағандықтан оларды тұтыну мен шығындары ашық көрсетілмейді, әрине бұл тарифтің бағасына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, қолданыстағы есеп айырысу жүйелері Smart Metering технологияларын пайдаланатын ресурстарды тұтынуды есепке алудың автоматтандырылған жүйелерімен интеграцияланбаған. Мұндай есепке алу жүйелері үшін бірыңғай стандарттардың, «ақылды» аспаптардың және деректерді беру үшін байланыс сапасына қойылатын талаптардың болмауы ресурстарды тиімді басқаруды және олардың пайдаланылуын бақылауды айтарлықтай қиындатады», - деді депутат.
Ол халықаралық тәжірибелерді ескере отырып энергия мен суды тұтынудың нормативтерін қайта қарап, қатаңдатуды ұсынды.