$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәжіліс депутаты құрылысы аяқталмаған жылыту қазандықтарының мәселесін көтерді

Саран қаласындағы 2011 жылдан бастап салынып келе жатқан қазандықтың құны жетіден тоғыз миллиард теңгеге дейін өскен 

Мәжіліс депутаты құрылысы аяқталмаған жылыту қазандықтарының мәселесін көтерді
Фото: istockphoto.com

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жылыту маусымындағы қазандықтар құрылысы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жылыту маусымы басталғанда орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапы күз бен қысқа тағы да дайын болмай шықты. Саран қаласындағы жылумен жабдықтау жүйелерін комиссиялық тексеру қорытындысы бойынша, орталық қазандықты жылыту кезеңіне дайындағанда көп қателік кеткен. Құрылыс кезіндегі жобалық шешімдерде ауытқушылықтар болған. Бұл кемшіліктер қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың жұмысына зиянын тигізді. Аталған олқылықтардың салдарынан биыл 13 қазанда 168 көпқабатты үй (6 мың абонент) және 2 әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Сонымен қатар, жылумен жабдықтаудың резервтік схемасы (ең төменгі жылу параметрлерінде) тек биыл 17 қазанда (бес тәуліктен кейін) сол кезде температуралық жүктемелерді көтеруге дайын болмаған жергілікті қазандықтарды қайта қосу арқылы қалпына келтірілді. Осылайша, «жылу энергетикасы туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, Саран қаласының әкімдігі 2024-2025 жылдардағы жылыту кезеңінде қолданыстағы жергілікті қазандықтарда (жылумен жабдықтаудың резервтік схемасы) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруға тиісті бақылау жүргізбеген. Өздеріңіз білетіндей, Павлодар облысы Ақсу қаласында және Семей қаласында әлі құрылысы аяқталмаған бірнеше қазандық бар», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, осы айтылған мәселеге байланысты Үкімет қосымша шешімдер қабылдауы қажет.

«Бірнішіден, құрылыс мерзімдерін ұлғайту. Саран қаласындағы қазандық 2011 жылдан бері салынып келеді. Құрылыс кезінде ЖСҚ-ға бірнеше түзету енгізілді, осылайша құны 7 млрд  теңгеден 9 млрд теңгеге дейін өсті.  Мысалы, Ақсу қаласында 2014 жылдан бастап салынып жатқан қазандық құны 6,4 млрд  теңгеден 11 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Екіншіден, авторлық және техникалық қадағалау тарапы жобалардың іске асырылуын дұрыс бақыламай отыр, сондай-ақ жобалық шешімдердің деңгейі әлсіз. Сонымен, Саран қазандығы бойынша ЖСҚ-ны түзету кезінде электр қуатын енгізу екінші рет алынып тасталып, қуат, сорғы тобы жобалық өнімділікті қамтамасыз етпеді. Ақсу қаласында қазандық салу кезінде жобаға кірме теміржол жолдары және энергетикалық объектіні пайдалану үшін маңызды басқа да бірқатар торап кірген жоқ. Қарағайлы Семей қаласында 2-3 қуатты қазандықтың орнына әрқайсысының өнімділігі 2,2 Гкал/сағ болатын 10 қазандық бар. Осы уақытқа дейін 2 жыл бұрын пайдалануға берілген көмір пайдаланылатын Арқалық ЖЭО бойынша толыққанды іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталған жоқ. Ақтау, Аягөз қалаларында жылу желілерінің жөндеу жұмыстарында осындай жағдай байқалады», - деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Депутат қазандық құрылысы бойынша жауапкершілікті күшейтіп, қыркүйек айының ортасына дейін номиналды параметрлерде жұмысқа дайындықты қамтамасыз ету үшін екі апта ішінде іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін ескере отырып, 1 қыркүйекке дейін салынған немесе қайта жаңартылған жылу энергиясы көздері мен жылу желілерін пайдалануға беруді талап ету керек дейді.

Серіктес жаңалықтары