Жамбыл облысында жүк пойызы 70 қойды қағып кетті

Малдың бәрі қырылып, иесіне әкімшілік хаттама толтырылды

Жамбыл облысында жүк пойызы 70 қойды қағып кетті
Фото: Көліктегі полиция департаменті

Жамбыл облысында теміржолға шығып кеткен 70 қойды жүк пойызы қағып кетті. Малдың бәрі қырылып, оқиғаға байланысты оның иесіне әкімшілік шара қолданылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 2 қазан күні таңертең Жұма – Тамды аралығындағы теміржол учаскесінде болған. 70 қойдан тұратын отар теміржол жолына шығып кеткен. Машинист шұғыл тежеу жасағанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.

Пойыздың қойларды қағуы салдарынан барлық мал қырылды. Осыған байланысты аталған учаскеде пойыз қозғалысы 48 минутқа кідірді.

Полиция малдың иесін анықтады. Ол 66 жастағы Тараз тұрғыны болып шықты. Ер адамға теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Көліктегі полиция қызметкерлері мал иелерін теміржол маңында жануарларды қараусыз қалдырмауға және белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.

«2026 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежеуіне қатысты 1166 жағдай тіркелді. Оның 881-інде бұған үй жануарларының теміржол жолына шығуы себеп болған», – деп хабарлады ведомство.

Көліктегі полиция департаменті жануарлардың қауіпсіздігіне, ең алдымен, олардың иелері жауапты екенін еске салды. Малдың теміржолға шығуы апатты жағдайға, материалдық шығынға әкеліп қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.