Алматы тауларында Оңтүстік Кореядан келген жоғалған туристі іздеу күшейтілді
Іздеу жұмыстарына 130-ға жуық адам, 10 техника және сегіз кинологиялық топ жұмылдырылды
Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Талғар асуы маңындағы іздеу жұмыстарына 10 техника және сегіз кинологиялық топ жұмылдырылды. Бұған дейін сегіз техника мен үш кинологиялық топ жұмыс істеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Медеу ауданындағы іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері, полиция және еріктілерден құралған шамамен 130 адам қатысып жатыр. Олар 11 дрон мен ТЖМ авиациясын пайдаланып отыр.
Іздеу жұмыстарына таулы жер бедері, тексерілетін аумақтың кеңдігі және биіктік айырмашылығының едәуір болуы кедергі келтіруде. Құтқарушылар жетуі қиын аумақтарды, соның ішінде шатқалдар мен тау бөктерлерін тексеріп жатыр.
Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.