Алматы тауларында 73 жастағы кореялық турист бір аптадан бері іздестіріліп жатыр

Іздеу жұмыстарына 102 адам, 11 техника және алты дрон жұмылдырылды

Алматы тауларында 73 жастағы кореялық турист бір аптадан бері іздестіріліп жатыр
Фото: istockphoto.com

Алматы тауларында 28 қыркүйекте Талғар асуы аумағына көтерілгеннен кейін жоғалып кеткен 73 жастағы Корея Республикасының азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ мәліметінше, іздеу операциясына таулы жер бедерінің күрделілігі, аумақтың кеңдігі және биіктік айырмашылығы кедергі келтіруде. Құтқарушылар шатқалдарды, тау беткейлерін және жетуі қиын басқа да учаскелерді тексеріп жатыр.

Іздеу жұмыстарына шамамен 102 адам, 11 техника, төрт кинологиялық топ, алты дрон және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған. Операцияға полиция қызметкерлері мен еріктілер де қатысып жатыр.

Ер адам тауға бір топпен бірге көтерілген. Кейін бағытын өз бетінше жалғастыратынын айтып, топтан бөлініп кеткен. Ол қонақүйге оралмаған. Жоғалғаны туралы хабарлама 29 қыркүйекте түскен.

Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.