Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікті бес жылдан кейін Қазақстанға қайтарылды

Ұсталған азамат уақытша тергеу изоляторына қамалды

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікті бес жылдан кейін Қазақстанға қайтарылды
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ІІМ Интерпол бюросы бірлесіп, халықаралық іздеуде болған ел азаматын елге қайтарды. Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған күдікті сот төрелігінен бес жыл бойы бой тасалап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2026 жылғы 2 қазанда Бас прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция сәтті жүзеге асырылып, күдікті Астана қаласына жеткізілді.

Тәртіп сақшылары мен ұлттық қауіпсіздік органдарының дерегінше, күдікті аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау фактісі бойынша іздеуде болған. Ол 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген. Күдіктіні ұстау бойынша арнайы іс-шараны ҰҚК, ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Бас прокуратура бірлесіп жүргізген.

Ұсталған азамат уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.