Президент Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтатын қадамды атады

Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды

Президент Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтатын қадамды атады
Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев кассациялық соттар қандай жұмыс атқаратынын және одан Жоғарғы Сотқа қандай пайда болатынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады», – деді мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі өтті. Онда Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEРEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.