Қазақстан бойынша 84 сайлау учаскесі таңғы сағат алтыда ашылады
Бұл көбіне сол учаскедегі адамдардың жұмысын кестесімен байланысты қабылданған шешім
6 қазан, жалпыұлттық референдум күні Қазақстанда 84 участок жұмысын таңғы сағат 06:00-де бастайды. Бұл туралы орталық референдум комиссиясының мүшесі Константин Петров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, ел бойынша басқа сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істейді.
«84 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталады. Бұл көбіне әскери бөлімдердегі учаскелер мен вахта бойынша жұмыс істейтін орындар. Өйткені, бұндағы қызметкерлердің жұмыс кестесі басқаша. Осыған байланысты сағат 06:00-де ашылады», - деп хабарлады ол.
Оның айтуынша, Ұлытау облысында осындай алты участок адамдардың вахтаға кетуіне байланысты таңғы 06:00-де ашылады. Яғни, Петров түсіндіргендей, сайлау учаскелерінің жұмыс кестесі жергілікті сайлау комиссиялары қабылдайтын шешімге байланысты болады.