$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Баяғы жартас – бір жартас»: депутаттар үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады

Үкіметтен депутаттық сауалдарға да сырғытпа, үстірт жауап келеді

«Баяғы жартас – бір жартас»: депутаттар үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады
Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов екінші сессияның жұмысын қорытындылап жатып, үкімет мүшелеріне заң жобаларының сапасы мен депутаттық сауалдарға берілетін жауапқа қатысты сын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс спикері Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселеге тоқталды.

«Заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанады. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Ол туралы жылда айтамыз. Соның айқын мысалы – Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түсті. Депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе», - деді Қошанов парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Айтуынша, Су кодексі былтыр наурыз айында енгізілуі керек еді. Алайда ол бір жылға таяу уақыт шегеріліп, кеш енгізілді. Ал маңызды заң жобасының бірі – Салық кодексі әлі енгізілген жоқ.

«Соның салдарынан депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт өте тығыз болғалы тұр. Құрметті үкімет мүшелері, сіздердің жұмыстарыңыз Парламентке заң жобасын енгізумен аяқталмайды. Керісінше, жұмыс сол уақытта басталады. Соны ескергендеріңіз жөн», — деп ескертті мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ ол депутаттардың түзетулеріне қорытынды беру мерзімінің өзі де бөлек мәселе екенін айтады. Себебі қорытынды беру де ұзаққа созылып кетіп жатады.

«Мемлекеттік органдар бұл әдеттен әлі арыла алмай келеді. Мысалы, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысын 8 айға дейін күтуге тура келді. Әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы бойынша қорытындыны келісу 7 айға дейін созылып кетті», - дейді Қошанов.

Мәжіліске ратификациялауға түсетін келісімдер мен шарттар мәтіндерінің өзара сәйкестігі де сын сын көтермейді.

«Келіссөз жүргізіліп, еліміз үшін маңызды халықаралық, мемлекетаралық келісімдерге қол қойылады. Алайда заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі. Сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне теріс әсер етеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік органның осы мәселеге ерекше назар аударуын сұраймын», — деді спикер.

Бұған қоса халық қалаулыларының үкіметтің депутаттық сауалдарға берген жауабына да көңілі толмайды.

«Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді. «Баяғы жартас – бір жартас». Депутатық сауалдарға сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн. Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек, - деп санайды Қошанов.

Мәжіліс төрағасы сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елдімекенді аралап, 2 мыңға жуық кездесу өткізген. Сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдаған.

 

Серіктес жаңалықтары