Парламент депутаттары каникулға кетті
Мәжіліс төрағасы екінші сессияны қорытындылады
Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары сегізіншін шақырылымның екінші сессиясын қорытындылап, 1 қыркүйекке дейін каникулға кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі мазмұнды болғанын атап өтіп, ең маңызды заңдарға тоқталды. Сессия барысында депутаттар барлығы 102 заң қабылдаған.
«Осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алдық. Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам адамның көптен күткен мәселесіне нақты жауап болды. Соңғы жылдары жылумен, электрмен жабдықтау саласындағы проблемалар жиі көтеріле бастады. Біз авариялардың, жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі ақаулардың куәсі болдық. Бұл – жылдар бойы қордаланған проблемалар. Өңірлерде жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған. Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек. Осылайша, біз жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша – өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік»», - деп мәлімдеді Қошанов.
Тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктер. Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтірді. Соның салдарынан жергілікті жерлерде, әсіресе инфрақұрылым нысанын салу саласындағы бастамалар жылдар бойы іске аспады.
«Сондықтан Мемлекет басшысы бүкіл мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады», - деді спикер.
Екінші сессияда депутаттар масс-медиа туралы заңды қабылдады. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін бермек.
Сондай-ақ елімізде алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң пайда болды.
«Бұрын бізде мұндай заң болмаған. Осы заңды қабылдау арқылы біз халықаралық міндеттемелерді орындап қана қоймай, адам құқығын қорғау саласындағы құқықтық базаны да нығайта түсеміз», - дейді мәжіліс төрағасы.
Парламенттің екінші сессиясында депутаттардың бастамасымен тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірленді.
«Осы заң арқылы біз Қазақстан қоғамында зорлық-зомбылықтың өршуіне тосқауыл қойдық», - деп санайды Қошанов.
Бұдан бөлек кредит беру кезінде қауіп-қатерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселесі туралы заң қабылданды. Депутаттар осы қадам халық арасында қарыздың айтарлықтай азаюына септігін тигізеді деп сенеді.
Парламент қабырғасында ұзақ талқыланып, шешімін тапқан мәселе – лудомания болды.
«Мемлекет басшысы құмар ойынды ХХІ ғасырдағы ең келеңсіз әлеуметтік індеттің бірі деп атады. Тек ресми деректер бойынша шамамен 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен. Олардың дені – жастар. Ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды. Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар да болды. Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды», - деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар мүлде жаңа Цифрлық кодекс пайда болады.
Бұған қоса депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларын талқылайды.