$ 539.54  637.09  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Балаңызды 100% шетелге оқуға түсіремін»: алаяқ Алматы тұрғындарынан 168 млн теңге жинап алған

Бас-аяғы 112 ата-ана алданған

«Балаңызды 100% шетелге оқуға түсіремін»: алаяқ Алматы тұрғындарынан 168 млн теңге жинап алған
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласы Бостандық ауданының N2 аудандық соты бірнеше рет алаяқтық жасады деген айыппен оқу орталығының басшысын бес жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Істің мән-жайы

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқандай, сотталып отырған азамат Алматыда оқу орталығын ашып, басқарған. Ғаламторда оқу орталығының үздіксіз жарнамасын жасап, балаларды шетелдік ЖОО-ға 100% қабылдатып беремін деп уәде берген. Сондай-ақ Foundation бағдарламасы бойынша білім үйретемін деп 112 азаматтан 168 млн теңге жинап алған екен.

«Оқу ақысын төлеу үшін ол бөліп төлеу жоспарын немесе қосымша жеңілдіктер мен несиені жылдам өңдеу схемасын ұсынған. Алайда кейін шетелдік білім де, сертификат та берілмегені белгілі болды. Осылайша, сотталушы алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ірі көлемдегі ақшаны жымқырып, адамдарды жүйелі түрде адастырған», - деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Тараптар не дейді

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол соттан өзін ақтауды немесе істі қайта тергеу үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Жәбірленушілер ең ауыр жаза сұраса, прокурор бұл азаматты кемі 7 жылға бас соттау керек деген. 

Сот үкімі

Бұл бап бойынша жаза 3 жылдан 7 жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

«Сот азаматты кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес, мерзімі 1/5 бөлігіне қысқартылды - түпкілікті жаза 5 жыл 7 ай 6 тәулік», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Қазір белгілі болып отырғандай, сотталған азамат осы уақытқа дейін 112 ата-ананың ішінде жетеуіне ғана ақшасын ішінара қайтарып берген екен.

Серіктес жаңалықтары