Серік Ахметов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Бұған дейін ол «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директорының орынбасары болған
ҚР Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Ахмет Серік Әбжәліұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Серік Әбжәліұлы 1961 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша үздік бітірген.
Еңбек жолын 1978 жылы Жезқазған облысындағы «Октябрдің 40 жылдығы» атындағы кеңшардың қарапайым жұмысшысы ретінде бастаған.
Әр жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, Мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Бұған дейін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Серік Әбжәліұлы «Құрмет»ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Әбжәліұлы аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасап, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыратын болады.
Сондай-ақ облыс басшысының тағы бір орынбасары болып Сүлейменов Серік Жүсіпұлы тағайындалды. Ол құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік етеді.
Серік Жүсіпұлы 1966 жылы туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Әр жылдары Президент әкімшілігінде, Премьер-министр кеңсесінде және квазимемлекеттік секторларда жауапты қызметтер атқарған.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.
Серік Жүсіпұлы «Құрмет» орденімен марапатталған.